Шарада Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтады. Баспананың әрбір отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасарын атап өтті.– Баспана – әр шаңырақтың берекесі мен бақытының бастауы. Бүгінгі қоныс тойы – мемлекетіміздің әлеуметтік қолдау саясатының нақты нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп келеді. Соның нәтижесінде ауданымызда да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ізгі тілегін білдіріп, жаңа қоныс иелеріне амандық пен бақ-береке тіледі. Шара барысында баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті. Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде айқындалады.
Бүгінде Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған сайын бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталмақ. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылуда.
Осы тұста көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен жеңілдіктер туралы азды-көпті айта кетсек.
Көпбалалы отбасылар мен көпбалалы ананың мәртебесі
Қазақстанда құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар көпбалалы отбасылар болып саналады. Алты бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға "Күміс алқа" алқасы беріледі, ал жеті не одан көп бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналар "Алтын алқа" алқасымен марапатталды.
Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе жиырма үш жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан төмендегі көлемде жәрдемақы 2025 жылға тағайындалады:
төрт балаға – 69 330 теңге;
бес балаға – 86 673 теңге;
алты балаға – 104 016 теңге;
жеті балаға – 121 359 теңге;
сегіз және одан көп балаға – 17 300 теңге қосымша 4 АЕК бойынша жеті баладан кейінгі әрбір үшін.
Онлайн-қызмет арқылы осы жәрдемақыны тағайындауға өтінім беруге болады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен және басқа да ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Аталған жәрдемақыны алу үшін келесі құжаттармен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жүгіну қажет.
Өтініш;
Жеке басты куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналардың марапаттарын растайтын немесе осы атақтарды алғанын растайтын құжат;
Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін –Байқоңыр қаласытұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы.
Қызмет көрсету мерзімі – 7 жұмыс күні.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі қажет болған жағдайда қажеттілігіне қарай іс материалдары ресімделгенге дейін 30 күн мерзімге ұзартылады, бұл ретте егер құжаттар ресімделіп болса мемлекеттік көрсетілетін қызмет Мемлекеттік корпорацияға қосымша құжаттарды ұсынған күннен бастап 7 жұмыс күнінде көрстіледі.
Көпбалалы отбасыларға арналған басқа да жеңілдіктер
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуға бірінші кезекте құқылы.
Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар төменде көрсетілген:
көлік құралдары бойынша салық ((«Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар бір автокөлік құралы бойынша);
тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, оның ішінде ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық («Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар);
үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;
жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салық («Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көпбалалы аналар 1000-еселік мөлшердегі АЕК шегінде);
нотариалдық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы («Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша);
зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы сияқты бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж төлеуден босатылған («Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар).
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 3-тармағына сәйкес 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат