Форум шымылдығы отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің мәнін тереңінен бейнелеген «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» театрландырылған қойылымымен түрілді. Көрерменге ой салған қойылым алғашқы сәттерден-ақ бала тәрбиесі мен ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін айшықтады. Форумның ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ұлт болашағын айқындайтын басты құндылық – сапалы білім мен саналы тәрбие екенін атап өтті. Аудан басшысы соңғы жылдары ауданда білім беру саласының әлеуетін арттыру, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ білімді, білікті және отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мемлекет дамуының негізгі тірегі екенін айтып, бүгінгі форумның да түпкі мақсаты жас буынды елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін азамат етіп қалыптастыруға үндейтінін ерекше атап өтті.
– Ұрпақ тәрбиесі мектеп табалдырығынан емес, отбасы бесігінен басталады. Баланың бойындағы алғашқы мінез, алғашқы құндылық, алғашқы жауапкершілік ата-ананың өнегесі арқылы қалыптасады. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ең маңызды міндеттердің бірі – отбасы мен мектептің өзара ықпалдастығын нығайту. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі, – деді аудан басшысы.Форумның негізгі бөлімінде бала қауіпсіздігі, құқықтық мәдениет, ұлттық тәрбие және ата-аналық жауапкершілік тақырыптары кеңінен қозғалды.
Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, қоғам болып жұмыла әрекет етудің маңызын атап өтті.
Ал қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызының баяндамасы форумның тағылымды өзегіне айналды. Көпшілік алдында мазмұнды ой қозғаған спикер қазіргі қоғамдағы ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың әлсіреу қаупіне назар аударып, ұлттың тұғыры ұлттық тәрбиеде екенін тебіреніспен жеткізді. Бала тәрбиесі тек қамқорлық пен бақылаудан тұрмайтынын, ең алдымен жүрек тәрбиесі, ар-ождан тәрбиесі екенін айтты. Ұлт жанашыры өз сөзінде баланың бойына адалдық, мейірім, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді сіңірудің маңызын тарқатып, ұлттық құндылықтардан ажыраған ұрпақтың рухани тамырынан қол үзіп қалатынын әсерлі мысалдармен жеткізді. Оразкүл Асанғазықызының тағылымға толы тұшымды ойлары мен өмірлік тәжірибеден өрілген пайымдары форумға қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Форум аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев бұған дейін ата-аналар комитетіне жетекшілік еткен Мақсат Жеңісұлына аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, аудандық ата-аналар комитетінің жаңа құрамы таныстырылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Қорытынды кезеңде көпшілік назарына ұсынылған «Үміт шырағы» театрландырылған қойылымы форумның тәрбиелік мазмұнын байытып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Бала отбасының көз қуанышы. Өйткені қазақта сөз бар: «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген. Сондықтан да, халқымыз баланы ерекше қадірлеген. Біреу бақытты байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, қызмет пен мансаптан іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Олай болса адам өмірінің мәні-өз ұрпағы: «Адам ұрпағымен мың жасайды».
Ал, тәрбиеге келетін болсақ, қазақ халқы баланы жастан, жастан емес-ау бесіктен, тіпті ана құрсағынан бастап тәрбиелеу керек деп өсиет қалдырған. Баланың түп казығы, алтын ұясы-отбасы. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, сол ортаның ыстық суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Әке-шаңырақ иесі. Отбасы мүшелерінің жауапкершілігі толығымен ер-азаматқа жүктеледі. Әйел-отбасының ұйтқысы. Баланы өсіріп тәрбиелеу –ата-ана міндеті. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу-отбасы мен мектептен алған үлгі- өнеге жиынтығының жемісі. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бала отбасында әкеге қарап, ал, қыз анаға қарап өседі. Сондықтан да әр ата- ана балаларының алдында өздерін дұрыс ұстап, ғибраты мол әңгіме айтып, жүріс –тұрысымен, киім –киісімен, іс –әрекетімен үлгі бола білуі керек.
Қазір баланың сана сезімін улайтын айғақтар телеарнадағы түрлі бағдарламалар. Бұлардың бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да, қазіргі таңда балаларға кітап оқытып, кітаптың берер тәрбиелік мәні өте зор екенін ұғындыру керек. Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсіру қажет. Жат қылықтан аулақ болуға, тәртіпті адам барлық жерде, үйде, мектепте, қоғамдық орындарда, өзін –өзі дұрыс ұстауын санасына құйып отыру қажет.
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Мұғалім мен ата-аналардың өзара қатынасы міндеттерінің ең негізгісі — психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру болып табылады. Осы міндеттерді шешуде оқу бағдарламасын меңгертуде түрлі тиімді әдістер мен технологияларды пайдаланғаны сияқты, ата-аналарға көмек ретінде «Өзін-өзі тану» пәнінің формаларын пайдалана отырып ата-аналар жиналысының дәстүрлі емес түрін өткізгенде интерактивті тақтаны, яғни ақпараттық технологияны пайдалану ата-ана қызығушылығын арттырып қана қоймай, жеке танып-білуге, байланысты нығайтуға қосар үлесі зор.
Ата-аналардың тәрбие процесінде жеке адамның қалыптасуына ықпалы, олардың жалпы педагогикалық мәдениетіне байланысты. Мектептің, отбасының, жалпы халықтың және мемлекеттің негізгі мақсаты, казіргі заманың талаптарына сай балаларды және жастарды тәрбиелеу, олардың өмірде өз орындарын таба білуге даярлау болып табылады.
Бүгінгі таңда нарықтық экономикаға сай, ұлттық сана сезімі жоғары, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу ата-анамен мектептің міндеті. Ұстаздар жүйелі жоспар құрып, шәкірттерімен ақылдасып ата –аналармен бірлесе жұмыс істегенде ғана үлкен нәтижелелерге ие болады. Ең бастысы мектеп қабырғасында әрбір ұстаз өзі атқаратын тәлім-тәрбие ісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, шәкірттерін жан –жакты біліп, ата- аналармен тығыз байланыста болу кажет.
Ұрпақ көші дұрыс перзент болсын десек, перзент болмысын түзетуді құрсақтан бастаған жөн. Дана халқымыз «Жасында бағу көрмеген, өскенде қарауға көнбес», - деп бекер айтпаған. Ұрпағын өмірінің қазнасы санаған қариялар тәңірге «Құдай бала бер бала берсен сана бер», -деп те бекер айтпаған. Яғни жалпыға тән адамгершілік қасаеттер – мейірбандық, сыйластық, өзара түсіністікке ұмытылдыру, жаксыны өнерге тарту, үлкенге құрмет, кішіге изет көрсете білуді, бүгінгі жас ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу, отбасы мен мектептің басты мақсаты болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат