Кездесу барысында тұрғындар ішкі жолдардың жай-күйі, қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын және ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әрбір мәселе жіті зерделеніп, тұрғындарға аудан әкімінің үйлестіруімен және елді мекен аумағында жұмыс істейтін өндіріс орындарының қолдауымен шешу жолдары қолға алынғаны айтылды. Бүгінде тұрғындарға жаз мезгілінде судың уақытпен берілуіне байланысты өндіріс орындарының демеушілігі есебінен қолайлы аумақтан жаңа ұңғыма құдық қазу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда жобаға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталды. Бұл бастама елді мекендегі ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жақын күндері арнайы қоқыс төгетін орын белгіленіп, оның аумағы қоршалады. Сонымен қатар қоқыс полигонын заңдастыру жұмыстары басталып, өндіріс орындарының қолдауымен қоқыс тасымалына қажетті арнайы техникалармен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты.Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын елді мекеннің ішкі жолдарының 1,5 шақырымына өткен жылдары асфальт төселген болса, қазіргі таңда қалған 2,8 шақырымына қыршық тас төселіп жатыр. Алдағы кезеңде бұл жолдарға да асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда.
Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе – кәріз жүйесінің тозуы. Мамандардың техникалық қорытындысына сәйкес, орталық кәріз желісін толық жаңарту тұрғындар санына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр. Осыған байланысты тұрғындарға үй іргесінен жеке септик орнату ұсынылып, оның тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, бүгінде Тайқоңырда Т.Момбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп, мәдениет үйі, «Арай» бөбекжай-балабақшасы және жаңа медициналық пункт тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.
Өткен жылы да Тайқоңыр елді мекенінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, шағын футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, 30 қоқыс контейнері орнатылды. Сонымен қатар орталық үш көшеге көше жарықтары орнатылып, бүгінде елді мекеннің ішкі көшелері 100 пайыз жарықтандырылған. «Инкай» ЖШС кен орнының демеушілігімен елді мекенде екі жаңа трансформатор орнатылып, электр желілерінің қуаты арттырылды. Бұған қоса осы жылдың соңына дейін мал өлекселерін тастайтын арнайы орын салынып, пайдалануға беріледі. Тайқоңыр елді мекенінде көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің жіті бақылауында. Әрбір ұсыныс пен өтініш жан-жақты зерделеніп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Қазіргі таңда кент әкімі мен тиісті сала мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, кешенді жұмыстарды үйлестіруде.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат