Ерекше форматта өткен тазалық акциясы жарыс түрінде өткізіліп, қатысушылар белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Плоггинг – жаяу жүру немесе жүгіру барысында айналаны қоқыстан тазартуды насихаттайтын экологиялық қозғалыс. Мұндай бастама тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Тазалық шарасына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков және қала прокурорының орынбасары Турымов Файзулла қала тұрғындарын туған қаланың тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға шақырып, қаланың көркеюі мен тазалығы әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті.
Сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері,прокуратура, полиция қызметкерлері, медицина өкілдері, жастар, еріктілер, жалпы 1500-ге жуық тұрғындар қатысып, қоғамдық орындар мен көшелерді қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 12 техника жұмылдырылып, 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.Тазалық шарасында белсенділік танытып, көп қоқыс жинаған жастарға сыйлықтар ұйымдастырылып, марапаттар берілді.
Сондай-ақ, кеше Кентауда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қаладағы орталық базар аумағында кезекті рейдтік іс-шара жүргізілді. Қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков арнайы құрылған жұмыс топпен бірге базар аумағын аралап, санитарлық тазалықтың сақталуы, сауда орындарының айналасының күтіп ұсталуы, тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмыстарының ұйымдастырылуы, сондай-ақ абаттандыру талаптарының орындалу барысы қаралды.
Рейд барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, кейбір сауда орындарының іргелес аумақтарында тазалық талаптарының толық сақталмауы, қалдықтарды ретсіз орналастыру және санитарлық нормалардың бұзылу деректері кездесті. Аталған мәселелер бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір сауда нысаны өзіне тиесілі аумақтың тазалығына тұрақты түрде жауапты болуы керектігі ескертілді. Қаланың тазалығы – ортақ жауапкершілік. Сондықтан қала әкімдігі әрбір кәсіпкер мен тұрғынды қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, қаланың көркеюіне өз үлесін қосуға шақырады. Бұл бағыттағы бақылау және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Сонымен қатар осы күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Кентау қаласының аумағында тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және абаттандыру қағидалары талаптарының орындалуын бақылау мақсатында мобильді жұмыс тобының кезекті рейдтік іс-шарасы өткізілді.
Рейд барысында қала аумағындағы көшелер, қоғамдық орындар, сауда нысандары мен кәсіпкерлерге тиесілі аумақтардың санитарлық жағдайы зерделенді. Сонымен қатар абаттандыру және санитарлық тазалық қағидаларының сақталуына бақылау жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары мен кәсіпкерлердің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және Кентау қаласының тазалығы мен көркеюіне бірлесіп үлес қосу.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат