Бүгінде қалада 1 487 680 түп ағаш пен бұта, 9,1 гектар гүлзар және 345 гектар көгал тұрақты күтіммен қамтылған. Жалпы күтім жүргізілетін аумақ көлемі 303 нысанды, яғни 789 гектарды құрайды. Бұл жұмыстарға күн сайын 26 арнайы су тасымалдаушы техника мен 687 жұмысшы жұмылдырылып, жасыл желекті суару және күтіп-баптау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Сонымен қатар, қаладағы 875 көшенің санитарлық тазалығы тұрақты бақылауда. Бекітілген кестеге сәйкес 30 көше күн сайын, 120 көше аптасына үш рет, ал 725 көше аптасына бір рет тазаланады. Қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын көшелерден 1950–2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылып, арнайы полигонға жеткізіледі. Қала тұрғындары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасады.
Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы бағытта қала аумағында абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, орталық көшелер, саябақтар мен аллеялар біржылдық гүлдермен көмкеріліп, шаһардың көркін арттыруға басымдық берілуде.
Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау, суару жүйелерін тиімді ұйымдастыру және жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары тұрақты бақылауда. Қаладағы көгалдандыру деңгейін арттыру мақсатында тиісті мекемелер тарапынан кешенді шаралар қабылдануда. Бұдан бөлек, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, ретке келтіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және тазалықты сақтауға деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Айта кету керек, бүгінгі таңда қала аумағында 45 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 1,5 миллионға жуық гүл егілген.
Осы тұста айта кетер болсақ, өңір басшысы Түркістан қаласында туризмді дамытудағы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсыруда. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін Рәміздер алаңын салу, жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталығын ашу, футбол академиясын ашу секілді жобалар талқылануда. Сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған жобалар ұсынылуда.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін electroсar бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр. Одан бөлек Түркістан қаласындағы Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілген.
Түркістанның туризм әлеуеті мен жаңа мүмкіндіктері, дамуының келешегі туралы айтар болсақ, Түркістан — Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ғана емес, сонымен қатар елдің туризм саласының жаңа келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын қала. Бұл қала өзінің бай тарихымен, киелі жерлерімен және мәдени мұрасымен танымал болғандықтан, туризмнің даму әлеуеті зор. Түркістанның туризм саласын дамытудың жаңа кезеңі қазіргі заманғы талаптарға сай көптеген мүмкіндіктерді ұсынады.
Түркістанның тарихы тереңде жатыр және бұл қала әлемнің көптеген елдерінен келетін туристер үшін қызығушылық тудырады. Қала, әсіресе, Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен танымал, бұл жер түркі әлемінің діни және мәдени орталығы ретінде саналады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген және бұл жерде жыл сайын мыңдаған зияратшылар мен туристер бас қосады. Түркістан қаласының тарихи маңыздылығының арқасында, қаланың ежелгі ескерткіштері мен мәдени орындары туристер үшін ерекше тартымды. Қалада орналасқан тарихи жәдігерлер мен архитектуралық ескерткіштер, әсіресе ислам мәдениетінің құндылықтарын көрсететін орындар, халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық туғызады.
Қалада соңғы жылдары туризм инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Түркістанды туристер үшін ыңғайлы және қызықты ету үшін заманауи қонақ үйлер мен туристік орталықтар салынды. Бұл инфрақұрылым қалаға келетін саяхатшыларға жоғары сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында туроператорлар мен қонақ үй кешендері жаңа турлар мен бағдарламалар ұсынып отыр. Туристерді тарту үшін түрлі мәдени іс-шаралар, фестивальдер мен көрмелер ұйымдастырылып, Түркістанның бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін әлемге танытуға мүмкіндік беріп отыр.
Түркістан қаласы өзінің тарихи мұрасы, мәдени байлығы және табиғи сұлулығымен ғана емес, сондай-ақ заманауи туризм инфрақұрылымының дамуы арқасында болашақта әлемдік туристік аренада маңызды орынға ие болады. Қаладағы туризм саласының дамуы тек экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, сондай-ақ Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын әлемге танытуға ықпал етеді. Түркістанның туризм саласын дамыту барысында мәдениет, тарих, табиғат және экология сияқты факторларды үйлестіре отырып, қала аймақтық және халықаралық деңгейде тартымды туристік бағытқа айналуы мүмкін.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.
Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де, киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.
Түркістанға келетін туристердің саны күн санап артып келеді. Рухани астанамызға ағылатындардың қатарында шетелдіктер де көп. Нақты айтқанда, Түркістанға келетін туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.
Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат