Бейсенбі, 20 Тамыз 2026 19:15

Шымкент: Бозарықта тағы 40 отбасы баспаналы болды

Шымкентте баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін Бозарық шағын ауданында жаңа пәтерлердің кілтін табыстауға арналған салтанатты шара өтіп, 40 отбасы баспаналы болды. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін қуанышты сәттерімен құттықтады.Тұрғындарға 1, 2 және 3 бөлмелі, толық әрленген пәтерлер.

Пәтерлерде жайлы өмір сүруге қажетті жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар тұрғындарға баспананы кейіннен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл азаматтарға болашақта өз үйінің толыққанды иесі болуға мүмкіндік береді.

Бұл жолы баспана әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға берілді. Атап айтқанда, жалғызбасты аналарға, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға және толық емес отбасыларға басымдық жасалды. Көптеген отбасы үшін жаңа пәтерге қол жеткізу – ұзақ жылдар бойы күткен арманның орындалуы. Жаңа қоныс иелері үшін баспана мәселесінің шешілуі отбасылық жағдайды тұрақтандырып, балаларға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Биыл қала бойынша жалпы 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 3 370-і тұрғындарға табысталды. Қалған пәтерлер жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, тұрғындарға ұсынылады.

Қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алуы баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік шаралардың бірі.

Бозарықтағы жаңа пәтерлердің табысталуы – осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі. 40 отбасы үшін бұл күн жаңа бастамалардың, тың жоспарлардың және жарқын болашаққа деген сенімнің бастауы болды. Жаңа баспаналарда балалардың шат күлкісі естіліп, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнасын деген тілек айтылды.

Оқылды 60 рет