Лагерьде 7-16 жас аралығындағы әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар тегін демалуда. Балалардың жол жүруінен бастап, тамақтануы мен демалысына қажетті шығындар толықтай қала бюджетінен қаржыландырылады. Бұл әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін маңызды мүмкіндік болып отыр.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін лагерь аумағында түрлі спорттық және шығармашылық бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылған. Балалар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және дойбы ойнап, өздерінің спорттық қабілеттерін шыңдай алады. Сонымен қатар КВН, викториналар, танымдық ойындар мен түрлі отрядтық іс-шараларға қатысып, жаңа достар табуда.
Лагерьдегі әр күн балалардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін дамытуға бағытталған. Спорттық жарыстар мен шығармашылық сайыстар балалардың командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға, өзара қарым-қатынасын нығайтуға және жаңа қырларынан танылуына мүмкіндік береді. Табиғат аясында серуендеу мен таза ауада уақыт өткізу де демалыстың маңызды бөлігіне айналған.
Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Ауысым барысында тәжірибелі тәрбиешілер, жетекшілер мен спорт мамандары балалармен тұрақты жұмыс жүргізеді. Мамандар олардың бос уақытын ұйымдастырып қана қоймай, қауіпсіздік талаптарының сақталуын да бақылауда ұстайды. Балаларға күніне бес мезгіл ыстық тамақ беріледі.
Алғашқы он күндік ауысым 25 тамызда аяқталады. Алдағы уақытта лагерьдің мүмкіндігін одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап мұнда сегіз ауысымға дейін ұйымдастыру көзделген. Бұл қаладағы балалардың жазғы демалысын қамту көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар лагерь аумағындағы жайлы коттедждердің болуы оның жұмысын маусымдық демалыс орнымен шектемей, жыл бойы пайдалануға жол ашады. Алдағы кезеңде «Машат Арасан» балалардың демалысын ұйымдастыратын заманауи орталықтардың біріне айналып, жас шымкенттіктердің танымдық, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға өз үлесін қоспақ.