Жұма, 31 Шілде 2026 19:13

Сауран ауданында тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында аудан тұрғындарын толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Жеке қабылдауға барлығы 8 азамат қатысып, жалпы 11 мәселе көтерілді. Тұрғындар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, электр жарығы, ауыз су, жол, білім беру және әлеуметтік нысандарға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар Үшқайық ауылдық округіне қарасты Нұртас елді мекенінің тұрғындары көтерген электр жарығы мен ауыз су мәселелері бойынша қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқаны айтылды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін облыстық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде ұсыныс енгізіліп, қаржыландыру шешілген жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Тұрғын үй мәселесіне қатысты қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ Шорнақ ауылдық округінде жеке инвестордың қаржысы есебінен 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқаны және алдағы уақытта тұрғын үйлер заңнамаға сәйкес кезек тәртібімен берілетіні атап өтілді. Аудан әкімі қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынатынын айтып, тұрғындардың өтініштері заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ жауапты мекемелерге азаматтардың мәселелерін жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет