Жұма, 07 Тамыз 2026 19:51

Сауран ауданы: Шаға елді мекенінде электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Шаға ауылдық округіне қарасты Шаға елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімі құрылыс алаңын аралап, мердігер мекеме өкілдері мен жауапты сала басшыларының есебін тыңдады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Жоба аясында 323 дана темірбетон электр бағанасы орнатылып, 10,6 шақырым электр желісі тартылған. Сонымен қатар 3 дана трансформатор орнатылып, елді мекеннің электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударып, жауапты тұлғаларға жобаны талапқа сай аяқтау және тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 83 рет