Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы талқыланды. Түрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сейденбек Ақселеу атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады. Аудан әкімі тұрғындарды сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы мен мерзімінің қатаң сақталуын тапсырды. Сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешіп, жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе білім беру ұйымдарының қызметі және жаңа оқу жылына дайындық барысына арналды. Аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Адилбеков Мейіржан білім беру нысандарының жаңа оқу жылына әзірлігі, мектептердің материалдық-техникалық жағдайы және ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндама жасады. Аудан әкімі жаңа оқу жылын тиісті деңгейде бастау үшін мектептердің дайындығын толық пысықтауды, білім беру нысандарындағы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын уақытылы аяқтауды, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат