Мыңға жуық емес, 1700-ге жуық тұрғыны бар Жартытөбе бүгінде тынысы кеңейіп, инфрақұрылымы дамыған, ажары артқан елді мекендердің біріне айналып отыр. Мұнда ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілген. Ауылдың берекесін арттырып, ұрпақ тәрбиесіне ұйытқы болып отырған ақ жаулықты аналардың орны да ерекше. Жартытөбеде 70-ке жуық «Алтын алқа» иегері, батыр ана тұрады.
Жартытөбенің ішкі жолдарының барлығы толықтай асфальтталған. Ауыл көшелерінің 100 пайызы көше жарығымен қамтылған. Кешкі уақытта да ауыл іші жарық әрі қауіпсіз. Бұл – тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы жайлылықты арттырып қана қоймай, елді мекеннің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Ауылда балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне де барлық мүмкіндік қарастырылған. Жабық үлгідегі футбол алаңы, кіші футбол және баскетбол алаңдары, балалар ойын алаңшалары ауыл жастарының спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жол ашып отыр. Ал ауылдың саябақтары – Жартытөбенің ажарын айшықтап тұрған көрікті орындардың бірі. Көгалдандырылып, жаңартылған саябақ аумақтары тұрғындардың отбасымен демалып, таза ауада серуендеуіне қолайлы жағдай жасаған. Мұнда арнайы жаяу серуендеуге арналған жолдар да салынған.
Айта кетейік, Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанға іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдарымен қамтылған. Бұған қоса, толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген. Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған.
Сонымен қатар, ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ, округ бойынша 28 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат