Қала әкімдігі биыл 31 398 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тартуды жоспарлаған. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш 24 571 адамға жетіп, жылдық жоспардың 78,3 пайызы орындалған.
Әкім орынбасарының айтуынша, жұмыспен қамту саясаты тек азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастырумен шектелмейді. Негізгі басымдықтардың қатарында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, кәсіби дағдыларды жетілдіру және кәсіпкерлікті дамыту бар.
Жыл басынан бері жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 3 660 адамды оқыту жоспарланса, нақты 3 914 азамат кәсіби дағдыларын арттыру курстарына тартылған.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жоспардан жоғары көрсеткіш тіркелді. Биыл 2 530 адамға тиісті қолдау көрсету көзделгенімен, нақты қамтылған азаматтар саны 2 726 адамды құрады.
Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2 623 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге тіркелген. Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік гранттар беру де жалғасуда. Биыл 400 АЕК-ке дейінгі көлемде 400 грант беру жоспарланған. Қазіргі таңда 103 азамат грант иегері атанды.
Шымкенттегі жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз
Брифингте қаладағы еңбек нарығының қазіргі ахуалы да сөз болды. 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шымкенттегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 1,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді сәйкестендіру мақсатында қалада жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – 22 қыркүйекте «Көрме» орталығында өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.
Іс-шараға 100-ге жуық жұмыс беруші қатысады деп жоспарланып отыр. Жәрмеңке барысында кәсіпкерлер бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс іздеушілерге тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 2025 жылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грант алған азаматтар өздері өндірген өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, кәсіпкерлік жобаларын таныстырады.
Жәрмеңкеге еңбек ресурстары тапшы өңірлердің өкілдері де қатысады. Абай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарынан келген делегациялар Шымкент тұрғындарына өңіраралық жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ұсынбақ.
Әлеуметтік салалардағы жобалар жалғасуда
Брифинг барысында қаладағы білім беру жүйесінің дамуы, мектептердің материалдық жағдайы және оқушыларға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы да ақпарат берілді.
Сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі – жаңа стадион құрылысы. Сәрсен Құранбектің айтуынша, нысанның бас мердігері ауысып, жобаға бірқатар өзгеріс енгізілген.
Бастапқы жобада стадион 35 мың көрерменге есептелсе, енді оның сыйымдылығын 60 мың орынға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте бюджеттен 35 мың орындық нысанды салуға қарастырылған қаражат көлемі сақталады. Қосымша 25 мың орынға қажетті шығындарды жаңа мердігер компания өз міндеттемесіне алмақ.
Стадион құрылысына бұған дейін Qazaq Stroy компаниясы жауапты болса, енді жобаны INTEGRO CONSTRUCTION компаниясы жалғастырады деп жоспарлануда.
Жобаға енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – стадионның сыйымдылығын арттырып қана қоймай, нысанды ірі спорттық жарыстар мен халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге бейімдеу.
Қала әкімдігі бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды да жалғастырмақ.