Сенбі, 19 Қыркүйек 2026 21:46

Шымкентте "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы өтті

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылған World Cleanup Day халықаралық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғауға, қала аумағының тазалығын қамтамасыз етуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды шараға қала тұрғындары белсенді қатысты.

Жалпы қалалық сенбілікке 43 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Олардың қатарында жастар, еріктілер, коммуналдық сала қызметкерлері, түрлі мекеме өкілдері және белсенді қала тұрғындары болды. Қоғамдық тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Экологиялық акцияның негізгі алаңдарының бірі А.Аскаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы болды. Мұнда санитарлық тазалық жұмыстарына қала әкімімен бірге 3000-нан астам жас пен ерікті және коммуналдық сала мамандары қатысты. Қатысушылар саябақ аумағын қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтарды жинады, ағаштарға санитарлық күтім жүргізіп, аумақты абаттандыру жұмыстарына үлес қосты.

Акция барысында қоршаған ортаны қорғау және табиғи экожүйені байыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қала әкімі экологиялық бастамаға қатысушылармен бірге дендрологиялық саябақ аумағына 10 тиін мен 25 қырғауылды жіберді. Сонымен қатар саябақтағы су айдынына 150 келі балық жіберілді. Бұл жұмыстар табиғи ортаны сақтауға және саябақтағы биоалуантүрлілікті арттыруға бағытталған.

Жалпы сенбілік барысында қала аумағында 270 тоннадан астам тұрмыстық және басқа да қалдық шығарылды. Бұдан бөлек, ирригациялық арықтар тазаланып, көшелер жуылды. Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары қаланың бірқатар аумағында қатар жүргізіліп, қоғамдық кеңістіктердің көркейтілуіне басымдық берілді.

 

World Cleanup Day – әлемнің көптеген елдеріндегі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және табиғатқа ұқыпты қарауға үндейтін халықаралық экологиялық бастама. Шымкентте аталған акция «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан экологиялық және абаттандыру жұмыстарының жалғасы болды.

 

Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – қаланың тазалығын қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау қағидатын кеңінен насихаттау. Қоршаған ортаның тазалығы әрбір тұрғынның күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

 

Айта кетейік, Шымкент қаласында экологиялық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау, табиғи ресурстарды қорғау, жасыл желектерді күтіп-баптау және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы осындай жалпы қалалық акциялар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік береді. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза сақтау – тек арнайы акция кезінде емес, күнделікті өмірде жүзеге асырылуы тиіс ортақ міндет. Шымкент тұрғындарының белсенді қатысуы қала тазалығына деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Оқылды 67 рет