Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2026 12:55

Шымкентте «Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны өтті

Шымкент қаласында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және түрлі қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараны Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырып, қала әкімдігі қолдау көрсетті. Байқау «Заң мен Тәртіп» қағидатын насихаттау және жастар арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша білімді арттыру мақсатында өткізілді.

Іс-шараның ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жанабайұлы Жоджыхожаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, сайысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков алғы сөз сөйлеп, жастардың қаржылық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Республикалық деңгейде өткен интеллектуалды сайысқа еліміздің 5 өңірінен 1260 қатысушыдан құралған 126 команда қатысты. Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан қорғану, лудоманияның алдын алу, дропперлік, заңсыз қаржылық операциялар және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша өз білімдері мен жылдам ойлау қабілеттерін сынады.

Байқау барысында командалар тек теориялық білімдерін көрсетіп қана қоймай, күнделікті өмірде кездесетін қаржылық тәуекелдерді дұрыс бағалау, күмәнді ұсыныстарды ажырату және қауіпсіз қаржылық шешім қабылдау дағдыларын да танытты. Мұндай формат жастардың білімін арттырып қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне деген қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, 1-орын иегеріне – 1 000 000 теңге, 2-орынға – 500 000 теңге, ал 3-орынға – 300 000 теңге көлемінде жүлде берілді. Сонымен қатар, финалға жолдама алған 10 командаға 100 000 теңгеден сыйақы табысталды.

«Қаржы сақшысы» – жастардың қаржылық сауаттылығын арттырумен қатар, оларды алаяқтық схемалардан сақтануға, заң талаптарын білуге және жауапты қаржылық мінез-құлық қалыптастыруға үндейтін маңызды жоба. Осындай бастамалардың жүзеге асуы өскелең ұрпақтың құқықтық және қаржылық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдағы қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосады.

Оқылды 75 рет