Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылардың белсенділігі мен спорттық нәтижелерін қазақстандық жасанды интеллект негізінде әзірленген AI SPORT мобильді қосымшасы арқылы тіркеу мүмкіндігі.
Жаңа бастама қала тұрғындарының дене белсенділігін арттырып қана қоймай, саябақтарды қоғамдық спорт пен белсенді демалыстың орталығына айналдыруды көздейді. Қатысушылар таңғы жаттығуларға қосылып, арнайы тапсырмаларды орындап, өз нәтижелерін мобильді қосымшаға енгізе алады. Осылайша, әр саябақтың белсенділігі бағаланып, өзара бәсекелестік қалыптасады.
Жобаның тағы бір артықшылығы – оған қатысу үшін міндетті түрде саябаққа барудың қажеті жоқ. Тұрғындар белгіленген жаттығуларды үйде, аулада немесе өзіне ыңғайлы кез келген жерде орындап, онлайн форматта да лигаға қатыса алады. Бұл спортпен шұғылдануға уақыты шектеулі азаматтарға да мүмкіндік береді. Ең бастысы, жобаға қатысу толығымен тегін.
Әзірленген тұжырымдамаға сәйкес, спорттық жарыс 7–27 қараша аралығында 21 күн бойы жалғасады. Лигаға 16 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Ал қатысушыларды тіркеу 23 қазанда AI SPORT мобильді қосымшасында басталады.
Жобаға қосылу үшін тұрғындар алдымен AI SPORT қосымшасына тіркеліп, өздері қатысқысы келетін қалалық саябақты таңдауы қажет. Одан кейін ұсынылған спорттық тапсырмаларды орындап, нәтижелерін қосымша арқылы тіркей алады. Қатысушылар өздері таңдаған саябақтың көрсеткішін арттыруға таңғы жаттығуларға нұсқаушылармен бірге қатысу немесе жеке жаттығу арқылы үлес қоса алады.
Ұйымдастырушылардың бұл бастамасы заманауи технология мен бұқаралық спортты ұштастыруға бағытталған. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қатысушылардың белсенділігін жүйелі бақылауға, нәтижелерді тіркеуге және спорттық бәсекені жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
«SHYMKENT PARK LEAGUE» жобасы шымкенттіктерді күнделікті қозғалысқа, тұрақты жаттығуға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратын маңызды бастамалардың біріне айналуы мүмкін. Сонымен қатар, 11 саябақ арасындағы бәсеке тұрғындардың өзара ынтымақтастығын арттырып, қаланың қоғамдық кеңістіктерінде спорттық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Енді әрбір тұрғын өз белсенділігі арқылы өзі таңдаған саябақтың жеңіске жетуіне үлес қоса алады. Спортқа бірге қадам басып, Шымкенттің ең белсенді саябағын анықтауға мүмкіндік туады!