Сәрсенбі, 28 Қазан 2026 21:32

Шымкентте бұған дейін екі рет егіз босанған ана үшемді дүниеге әкелді

Шымкент қаласында көпбалалы отбасы тағы бір қуанышты жаңалыққа кенелді. Қалалық перинаталдық орталықта бұған дейін екі рет егіз босанған ана үшемді дүниеге әкелді. Үш сәбидің өмірге келуімен отбасындағы бала саны онға жетті. Бұл – отбасы үшін ғана емес, ақ халатты абзал жандар үшін де ерекше қуанышты оқиға. 

Үшем 17 қыркүйек күні кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Нәрестелердің екеуі қыз, біреуі ұл. Дүниеге келген сәттегі салмақтары тиісінше 1740, 1482 және 1730 граммды құраған. Ата-анасы сәбилерге Альсия, Сафия және Аймұхаммед деген әдемі есімдер берген.

Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелер алғашқы күндерінен бастап дәрігерлердің жіті бақылауына алынды. Олар жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде қажетті ем-дом қабылдап, арнайы медициналық күтіммен қамтамасыз етілді. Сәбилердің денсаулығы біртіндеп жақсарған соң, арнайы күтім бөліміне ауыстырылды. Мұнда да дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері олардың жағдайын тұрақты бақылап, тиісті ем-шараларды жүргізді.

Уақытылы көрсетілген медициналық көмектің және мамандардың кәсіби жұмысының нәтижесінде үш сәбидің де жағдайы жақсарды. Нәрестелердің салмақтары біртіндеп артып, қазіргі таңда әрқайсысының салмағы екі келіден асты. Бүгінде үшемнің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес, сәбилер жақын күндері үйлеріне шығарылуға дайындалып жатыр.

Бұл қуанышты сәттің артында бірқатар медицина мамандарының тынымсыз еңбегі тұр. Үшемді дүниеге әкелу кезінде кесар тілігі операциясына дәрігер Даулет Сатов Яминович қатысты. Ал анестезиологиялық көмекті Р.Ф. Мадусманов көрсетті.

Жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын жақсарту жолында Ақзат Шолпанқұлова, Перизат Шарипова және Камшат Әмірбекова еңбек етті. Ал арнайы күтім бөлімінде нәрестелердің емделуіне емдеуші дәрігер Айгүл Симағамбетова жауапты болды. Бөлім меңгерушісі – Сандуғаш Нуранова.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, мерзімінен бұрын туған нәрестелерге ерекше күтім мен тұрақты бақылау қажет. Әсіресе үшем секілді бірнеше сәбидің бір мезгілде дүниеге келуі кезінде әрбір баланың денсаулығына жеке назар аудару маңызды. Осы ретте дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен кәсіби жауапкершілігі оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, үшем дүниеге келгенге дейін отбасында жеті бала тәрбиеленіп келген. Енді шаңырақтағы бала саны онға толып отыр. Анасы үй шаруасымен айналысса, отағасы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады.

Осылайша, Шымкенттегі бір отбасының қуанышы еселеніп, тағы үш бүлдіршін өмірге келді. Он баланың ата-анасы атанған отбасы енді сәбилерін бауырына басып, үлкен әулеттің шаттығына бөленбек.

Қалалық перинаталдық орталық ұжымы жас ананы және оның отбасын қуанышты оқиғамен құттықтап, Альсия, Сафия мен Аймұхаммедке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейді. Үш сәбидің өмірге келуі – медицина мамандарының кәсіби еңбегі мен ата-ананың үлкен қуанышы тоғысқан ерекше оқиға.

 

Оқылды 27 рет