Қатысушылар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, өзара бақ сынады. Сайыстың өту барысын қоғам белсенділері, ардагерлер және ұйым өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалап отырды. Интеллектуалды сайыс қорытындысы «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік бағдарламамен жалғасты.
Жиында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов ардагерлерді, қарттарды құттықтап, олардың ел мен қала дамуына қосқан еңбектеріне алғыс білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі. Шара барысында қала өміріне белсенді араласып жүрген аға буын өкілдері мен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Мерекелік кеш Кентау қаласының өнерпаздары мен талантты жастарының концерттік бағдарламасына ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді ұрпаққа аманат еткен. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген аталы сөздің мәні де осында. Себебі, аға буынның жүріп өткен өміржолы, елге сіңірген еңбегі, көргені мен түйгені – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес өнеге. Қариялардың ақылы мен батасы – елге бағыт-бағдар, кейінгі буынға рухани тірек. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен тағылымды әңгімелеріңіз, елдік пен бірлікті дәріптеген өнегелі сөздеріңіз ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үлкен ықпал етеді.
Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың еңбектері ерен. Олардың өмір жолдары бізге үлгі-өнеге, бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Қария - ұрпақтың тірегі, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін ақылшысы. Қай заманда болмасын, дана халқымыз қарияны төрге отырғызып, ақ батасын алған. Қарттар - біздің өміріміздің, тарихымыздың куәгері. Олар - елдің еңсесін көтеруге, бейбіт өмір орнатуға, ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан асыл жандар. Әрбір әже мен атаның айтқан өнегесі - өмір мектебі, олардың жүріп өткен жолы - тағылым.
Осы тұста қарттарға қандай әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр деген сауалға азды-кем жауап бере кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істейді. Орталықтардың жұмысына биыл жергілікті бюджеттерден 5,9 млрд теңге бөлінді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат