Қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат, пара үстел теннисі және пара қол күресінен өзара бақ сынады. Спорттық сайыстың мақсаты – жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігін қолдау. Жарыс қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан Дилрабо Суннатуллаева 1-орын иеленсе, Исабек Қали екінші, Нұрдәулет Махамбет 3-орынға тұрақтады. Пара үстел теннисінен Нұрлыбек Бактугулов жеңімпаз атанды. Нұрсұлтан Муконов екінші, Леонид Пономарев үшінші орынға лайықты деп танылды. Пара қол күресінен Озатбек Абдулжолов 1-орынға ие болса, Бағдәулет Арызбек екінші, Ердәулет Турганбек 3-орынға шықты. Ал шахматтан Роза Шотаева чемпион атанса, Бағдәулет Арызбек екінші орын иеленді. Есбол Есімхан мен Ерасыл Серікбай үшінші орынға табан тіреді.
Іс-шара соңында спорт клуб директорының орынбасары Бақкелді Калибеков пен колледж директорының орынбасары Ильмира Амирханова жеңімпаздар мен жүлдегерді марапаттап, арнайы сый-сияпат ұсынды. Спорттық жарыс жастардың өзара достығын нығайтып, жігері мен табандылығын танытуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының директоры Сабыржан Бульдуруков пен «Арнаулы кәсіптік колледжі» КММ директоры Роза Аяпбергенова арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Құжат спортты дамытуға және студенттердің спортпен шұғылдануына қолдау көрсетуге бағытталған.
Дерек ретінде айта кетсек, бүгінде елімізде 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әрі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігініңбасты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстанда тұратын 743,9 мың мүгедектігі бар адамдардың ішінде 414 мың адам немесе 55,7%-ы еңбекке қабілетті жаста, 212,9 мың адам немесе 28,6%-ы зейнеткерлік жаста, ал 117 мың адам немесе 15,7%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, оларды қоғамға әлеуметтік тұрғыдан кіріктіру мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі және бірізді шаралар қабылдануда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ол үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл жүйе Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды: мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі көмек; әлеуметтік оңалту шеңберінде қажет деп танылған ағза функцияларын қалпына келтіру; арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету; жұмыспен қамту шаралары; кедергісіз орта құру.
Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанында мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалогтық алаң құрып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат