Сәрсенбі, 11 Қараша 2026 20:08

Созақ ауданының әкімі Таукентте атқарылып жатқан жұмыстарды өз бақылауында алды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен аудан басшысы «Шолаққорған-су» МКК-на қарасты орталықтандырылған жылу қазандықтарын аралап, қазіргі жай-күйін назарға алды.

Кенттегі жылу қазандығында негізгі қондырғылардың бірі саналатын қуатты КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығы мен ДЕ-10/14 бу қазандығы, сондай-ақ сорғылар мен бекіту арматуралары жаңартылған. Бұл жұмыстар жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі сұйық отын қорының жеткіліктілігін де тексерді. Қазіргі таңда Қыземшек пен Таукент кенттеріндегі қазандықтарға қажетті 2500 тонна мазут отын сақтау қоймаларында жинақталған. Мұхит Сексенбайұлы жауапты мекеме өкілдеріне жылу берудің температуралық кестесін қатаң сақтап, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтуды тапсырды.

Бұдан кейін аудан басшысы Таукент кентіндегі жөнделген жолдардың сапасымен танысты. Биыл Көкжиек, Жыныс ата, Кенесбаев және Х. Тоқмұхаммедов көшелерінде жалпы ұзындығы 4,165 шақырымды құрайтын жол учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі асфальт жабыны төселген жолдарды аралап, құрылыс барысын және салынып жатқан су өткелдерінің сапасын бақылауына алды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 10 рет