Жексенбі, 30 Маусым 2019 14:35

Түркістан облысы: Арыста 180 ерікті психолог көмек көрсетуде

Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға алғашқы  күннен бастап 180 ерікті практик-психолог пен педагог-психолог көмек көрсетуде. Себебі мұндай ауыр соққы алған сәбидің күні ертең қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін.

24 мыңнан аса адам эвакуацияланған орталықтарда сәбилердің жан-дүниесіндегі соққыны емдеген гештальт-терапевт психологтар қазір Арыс қаласында да емдік шараларын жүргізуде. Қазіргі таңда тұрғындардың бастан кешкен эмоцияларын зерттеу,  болған оқиғаны түсіндіру – психологтардың негізгі терапиясы болып отыр. Сондай-ақ еріктілер халық арасында бактериологиялық қару-жарақ, радиация және апаттан көптеген адам қайтыс болды деген ақпараттың жалған екенін түсіндіріп жүр.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық – 30 маусым күні Арыс қаласының 140 оқушысы Ақмола облысындағы Бурабайға оқушылар лагеріне демалысқа кетсе, 200 оқушы Нұр-Сұлтан қаласына жол жүрді. Олардың қауіпсіздігіне тәлімгерлер жауап беретін болады. Арыстық балаларды демалысқа жіберудегі басты мақсат – төтенше жағдай факторлары салдарынан мектеп оқушыларына психологиялық көмек көрсету. Осы орайда жиыны 340 оқушыны ата-аналары Шымкент қаласындағы теміржол вокзалынан шығарып салып, сәт-сапар тіледі. Айта кетейік, Арыс қаласында 40 мектеп бар, мұнда 19 916 бала білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 5071 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін арыстық 570 бала жазғы саяхатқа жіберілді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 759 рет