Жексенбі, 14 Шілде 2019 17:19

Мақтааралдың жазғы лагерінде арыстық 50 бала демалатын болады

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Арыс қаласындағы мектеп жасындағы 50 бала аудандық білім бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» балаларды жазғы сауықтыру қала сыртындағы базасына орналастырылды.

Бүгін арыстық жеткіншектерді салтанатты түрде қарсы алған лагер ұжымы оларға керемет демалыс сыйлау үшін көптеген іс-шаралар өтетінін атап өтті. Мұнда балалар 10 күн бойы демалып қана қоймай, түрлі мәдени іс-шараларға, байқауларға, спорттық жарыстарға қатысып, мақталы өңірдің тарихи мұражайларымен таныстырылатын болады. Мұнда балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, тәрбиешілерге үлкен жауапкершік артылып отыр. Осы мақсатта балаларға лагерде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңындарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылып, күн сайын ескертіп отырады.

Лагердің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексерілетін болады. Арыстық оқушылар 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, балалардың келгендегі және кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етеді. Баланың жеке басының гигенасын, төсек орынның тазалығын сақтауды қадағалау тәрбиешілерге жүктеледі. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Демалушы балалардың ақыл-ой, сана-сезімін жетілдіру бойынша да түрлі әдеби-сазды кештер, мәдени іс-шаралар, танымдық ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың бойын сергіту үшін таза ауада арнайы серуендер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, лагерде күн сайын би кештері өткізілмек.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 565 рет