Жұма, 05 Шілде 2019 19:20

Түркістан облысы: Арыс қаласында 180 үй толық жөндеуден өтті

Арыс қаласын жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Шаһар тұрғандары үшін айта кетер жайт, қауіпті деп танылған заттарды байқаған жағдайда 102, 112 нөмірлеріне хабарласу керектігін ескертеміз! Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ. 

Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрілгінің өкіліАрыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді. «Жалпы бүгінгі таңға дейін 30700 жарылғыш оқ дәрілердің бөлшектері табылған. Қазіргі уақытта осы табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген. Алдағы уақытта оның барлығы жойылатын болады. Яғни адам өміріне қауіпті емес», – деді Е.Бятов.

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексерістің жүргізіліп жатқандығын жеткізген жауапты басшылар оқ дәрілер сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтып өтті.

Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде. Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда. Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 180 үйдің ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкенжұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатаржергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 767 рет