Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 16:25

Шымкентте 1,5 мың кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп отыр

Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония залында «Қазақстан кәсіподақтары күні» мерекесіне орай «Еңбек, құқық, қоғам – кәсіподақ жүрегі! Бірлік, жігер, даму – Қазақстан тірегі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Онда салаға еңбек сіңірген үздіктер марапатталды.

Қолөнер бұйымдары мен кітап көрмелерінің таныстырылуынан бастау алған игі шара кәсіподақтар меркесіне арналды. Мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов қатысты. Сала басшысы алғаш рет төл мерекелерін тойлап жатқан әріптестерін айтулы датамен құттықтады.

Еңбек қатыстарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір -кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі зор. Бұл күні бүгінде еліміздегі ең ауқымды ұйым кәсіподақ бірлестігімен қоян-қолтық жұмыс жүргізіп жатқан жергілікті билік өкілдерінің еңбегі де еленді. Шара аясында федерация төрағасы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садырды «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісімен марапаттады.

Төл мерекелерінде кәсіподақтықтар да марапаттан шет қалмады. Кәсіподақ саласына сіңірген еңбектері айрықша аталған ұйым мүшелері алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты кеш әуезді әнмен әрленіп, мың бұралған бишілердің өнерімен өрілді. Жиналған қауымға әдемі әсер сыйлаған мерекелік думанда кәсіподақтар гимні шырқалды.

Мереке иелерінің мерейін үстем еткен игі шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, аймақта 1,5 мың кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамына 132 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі кіреді. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны — 239 мыңна асып жығылады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 665 рет