Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 16:39

Солтүстік Қазақстан облысының делегаттары шымкенттік мамандарды өз өңірлеріне қоныс аударуға шақырды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов ауданының өкілдері Шымкентке арнайы келіп, мамандарды өңірге шақырып жатыр. Жұмыс күші тапшы аймақтарға халықтың қоныс аударуы жалғасып жатқанын айта кетейік. Осыдан 6 жыл бұрын қабылданған «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасылар көшірілуде. Солтүстік Қазақстаннан келген делегаттар қоныс аударуға ниет білдірген жергілікті тұрғындарға тиісті бағдарламаны жіті түсіндірді.

Еңбек күші тапшы өңірге көшкендердің шығындары үшін 35 АЕК көлемінде қаражат төленеді. Сонымен қатар бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан жұртшылығы қоныс аударғандарды құшақ жая күтеді дейді мамандар. Баян Шегебаев, СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары: «Ауыл шаруашылығы саласының мамандары қажет. Механизатор, дәнекерлеуші, энергетиктер, мұғалімдер, дәрігерлер. Камаз айдайтын көлік жүргізушілері де керек. Егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болады».

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 40 мыңға жуық тұрғын тұрса, оның дені ауылдық елді-мекендерге қоныстанған. Кадр тапшылығын сезінген шаруашылық жетекшілері Шымқалаға арнайы келіпті. «Ақ селеу» шаруа қожалығы егіншілік және мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарды ауданға шақырады. Серік Малаев, шаруашылықтың төрағасы: «Біз келушілерге он тұрғын үй салып қойдық. Суы барлығы қарастырылған. 11 жылдық мектеп бар, бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылған, наубайхана бар».

Солтүстікқазақстандықтар Шымкентте ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне де қатысады. Сол шарада қоныс аудару, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның мүмкіндіктері жан -жақты таныстырылады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 535 рет