Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 21:55

Шымкент: «Әдияда» сапалы жол және қоғамдық көлік мәселесі шешілетін болады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы бірнеше шалғай жатқан аудандарды аралады. Соның бірі Қаратау ауданындағы «Әдия» тұрғын үй кешені болды.

Аталмыш кешеннің тұрғындары шаһар басшысына жолдың жоқтығы мен қоғамдық көліктің тапшылығы және қаңғыбас иттердің көбейгендігі жөнінде арызданды. Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған Ерлан Қуанышұлы жауапты сала басшылары мен тиісті аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді.

«Ең бірінші кезекте оқушылардың мектепке баруын қамтамасыз етуіміз қажет. Алдымыз қыс. Инфрақұрылым шешілмеді деп қол қусырып отырмауымыз керек. Оқушыларды тасымалдау дер кезінде шешілуін тапсырамын. Ал, жол құрылысы мен қоғамдық көлік мәселесі келер жылы өз шешімін толықтай табатын болады» деді қала әкімі.
 
Сонымен қатар, Шымкент әкімі Е.Айтаханов тиісті аудан әкімдігіне тұрғындарды қаңғыбас иттерден қорғауды тапсырды. Аралау соңында Ерлан Қуанышұлы тұрғындарға полициялық тірек пунктінің де салынатындығын жеткізді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 521 рет