Жұма, 18 Қазан 2019 16:51

Шымкент қаласының әкімі діни конфессия өкілдерімен кездесті

«Қазақстанды шетелде татулықтың эталоны ретінде таниды». Шымкенттегі діни конфессия басшыларымен кездесуде қала әкімі осылай деді. Басқосу ашық форматта өтті. Өзара пікір алмасып, дінаралық қарым-қатынас мәселелерін талқылады. Жиын соңында дін басыларына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Қазақстан – көпконфессиялы мемлекет. Тәуелсіздік бірлігімізді арттырып, елдің өсіп-өркендеуіне негіз болды.  Оған қоса Ұлы дала елін өзгелер татулықтың эталоны деп таниды. Осы ынтымақ пен бірлік ұрпаққа үлгі. Кездесуде қала әкімі дін басыларына өзара татулықты бекем ұстауға шақырды.  Ерлан Айтаханов – Шымкент қаласының әкімі: «Тәуелсіздік алғалы бері бірлікте бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Оның барлығында сөзсіз, сіздердің еңбектеріңіз бар. Елбасымыз, тұңғыш президентіміз де осыны айтып келеді. Сондықтан, біз осы рухани келісімді одан әрі дамытуымыз керек, тұрақты ұстауымыз керек, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек».

Басқосуда барлық дін өкілдері сөз алып, ыстық ықыластарымен бөлісті. Қос тараптан да түрлі ұсыныстар білдірілді.  Ең бастысы келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Қала әкімі дін басыларына тұрғындардың санасын өзгерту мен олардың бойына ізгіліктің дәнін себуге көмектесуге шақырды. Бақтыбай Бейсенбаев – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы: «18 қазан Рухани келісім күні аталып өтетіндігі біз үшін үлкен қуаныш. Бұл дін өкілдеріне, имамдарға, діндарларға, мешітке баратын жамағатқа және шіркеуге баратындар үшін де үлкен құрмет. Еліміздегі бүгінгі бірлік сындарлы саясаттың салиқалы көрінісі деп ойлаймын».Жиында дін өкілдері еліміздегі салихалы саясаттың арқасында тұрақты діни ахуал қалыптасып отырғанын атап өтті. Өз кезегінде қоғамдағы тыныштық пен татаулық жолында аянып қалмайтындарын жеткізді. Кездесуде конфессия өкілдеріне арнайы алғыс хаттар мен  мерекелік сыйлықтар табысталды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 631 рет