Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 17:15

Шымкентте әлеуметтік төлем 14 пайызға артты

Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасының Ақпараттық коммуникациялық орталығында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Жиында департамент басшысы Аманжол Нұрсейітов атқарылған жұмыс барысын баяндай келе, 2019 жылдың 9 айында 109 тексеру тағайындалғанын атап өтті. 

Оның ішінде жоспардан тыс тексеру – 84, профилактикалық тексеру түрі – 19. Тексерудің қорытындылары бойынша 83 мекемеге нұсқама берілген, 72 мекемеге айыппұл салыныпты. Барлық салынған айыппұл соммасы 10 млн. 895 мың теңге көлемінде. Оның 8 млн. 65 мын теңгесі төленген.

Сонымен қатар А.Нұрсейітов зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау жұмыстары және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері жөнінде де баяндады. Аманжол Елікбайұлы 2019 жылдың 9 айында 34,9 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалғанын айтып, бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артқанына тоқталды. Оған қоса халықты әлеуметтік қорғау саласына атқарылған тірліктерді тілге тиек етті.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 878 рет