Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 13:39

Шымкент: Сәуле шағынауданында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Бүгін Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданына қарасты Сәуле шағынауданындағы №129 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы және қаланың төрт ауданы әкімдігі бірлесіп "Өңіраралық бос жұмыс орындары" жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде қала аумағында орналасқан кәсіпорындармен, мекемелердегі бос жұмыс орындары, солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілерден ұсынылған бос жұмыс орындары ұсынылып, қоныс аударуға ниет білдірген азаматтардан өтініштер және "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2500 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. 

Одан бөлек бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 1079, Солтүстік Қазақстан облысында 1196, Павлодар облысында 878, Қостанай облысында 392 бос жұмыс орындары ұсынылуда. Жалпы, жоғарыда аталған облыстарға аспаз, тәрбиеші, мұғалім, дәрігер, медбике, көлік жүргізуші, дәнекерлеуші, механизатор, электрик, тракторшы, агроном, психолог, есепші және т.б.мамандар қажет. Солтүстікке көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы беріледі. Мәселен, СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда аумағы 70 шаршы метр болатын 36 үй салынып жатыр. Аталған баспаналар көшіп барған отбасыларға 5 жылға жалға беріледі. Ай сайынғы төлемақысы 7-9 мың теңге. Бес жылдан кейін үйді жекешелендіріп алуға болады. "Еңбек" бағдарламасы бойынша толық мағлұматты Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығынан алуға болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 769 рет