Сенбі, 14 Наурыз 2020 10:35

Мақтаарал жастары көгалдандыру жұмыстарын қолға алуға шақырды

 Көктем шығып, күн жылынған сәттен бастап тіршілік атаулы ұйқыдан оянатыны белгілі. Көктемнің шығуын асыға күтетін адамзат баласы айналасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызады. Көгалдандыру жұмыстарына кіріседі.

 Міне, Мақтааралдық жастар да осындай игі істі қолға алып, аудан орталығын көгалдандыру жұмыстарына кірісті.
Іске мұрындық болған Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен ауданның ерікті жастары, Жаңа жол ауылдық округінің белсенділері Мырзакент кентіне кіре беріс қақпадан бастап көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аудан орталығына кірер негізгі күре жолдың бойын тазартып, жасыл желеңге айналдыру мақсатында түрлі декоративті ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндіріліп, мамандар табиғатты аялауға шақырды.
«Көгалдандыру, тал егіп, оны күтіп-баптау баршамызға ортақ іс болуы тиіс. Өйткені, бүгінгі біздің еккен ағаштарымызды болашақта біздің ұрпағымыз саялайтын болады. Ерте көктемде аудан тұрғындарын жаппай көшет отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Тазалық – бірінші кезекте өз денсаулығымызды сақтауға септігін тигізсе, көшет отырғызу – жасыл белдеу қалыптастырудың негізі» дейді шараны ұйымдастырушылар.

Оқылды 512 рет