Нақтырақ айтсақ, бұл кешеннің құрылысына 1 млрд. теңге жұмсалыпты. Мұнда 1 бассейн мен теннис корты және 5 спорт алаңшасы бар. Қазір аталған спорт кешені Түркістан облыстық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне табысталған. Яғни барлық құжаттары рәсімделіп, аталған мектептің меншігіне өткізілген.
«Заманауи үлгідегі спорт кешеніне біз өткен жылдың мамыр айында қоныс аудардық. Содан бері мұнда орналасып, барлық құжаттарын заңдастырып, өзіміздің меншігімізге алдық. Алдағы уақытта мұнда жүзу, еркін күрес, таэквандо, теннис сынды үйірмелер ашылатын болады. Барлық қызмет тегін түрде көрсетіледі. Сондай-ақ, мұнда олимпиада резервіне қарасты спортшылар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді», – дейді Түркістан облыстық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шадияр Қондыбаев.
Мұндай заманауи спорт кешендері әзірге облысымыздың өзге аудандарында жоқ. Тек облыс орталығы Түркістан қаласында ғана бар. Спорт мектебінің басшылығы жуырда облыстық спорт басқармасына 25 бірлік штат сұрап, арнайы өтінім жіберіпті.