Министр Мырзағалиев аудан аумағынан өтетін Өзбекстан Республикасына тиесілі Солтүстік Ташкент каналының (СТК) бүгінгі жағдайымен танысты. Солтүстік Ташкент каналы (СТК) көрші Өзбекстан елінен басталып, Келес ауданының 20 шақырым аумағынан өтеді. 2922 га суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Аталған каналдың бүгінгі таңда Өзбекстан мемлекетінің меншігінде болуына байланысты аудандық немесе облыстық бюджет есебінен механикалық тазалаудан өткізуге қаржы бөлуге мүмкіндік болмай отыр. Осы проблемаға байланысты Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев шекара белгіленген бойда каналдың Қазақстан тарапындағы бөлігі қараусыз қалғанын жеткізіп, аталған мәселені Республика деңгейінде шешілуін және оған министр тарапынан ықпал жасауды сұрады. Өз кезегінде Мағзұм Маратұлы көрші елдің делегациясымен келіссөздер жүргізу мақсатында керекті құжаттар мен мәліметтерді беруді аудан әкіміне тапсырды.