Жалпы атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістер бойынша әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде беріліп жатыр. Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған.
Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Бұл азық-түлік өнімдерін темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Сондай-ақ, тіс пастасын, балаларға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі.
Айта кетейік, 2020 жылдың І тоқсанында Мақтаарал ауданында 1859 отбасыға АӘК тағайындалған. Осы отбасылардан шыққан 1-6 жас аралығындағы 1843 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер таратылып жатыр. Сондай-ақ, 6-18 жас аралығындағы 3 мыңнан аса бала ыстық тамақпен қамтылатын болады.