Қала әкімі Рашид Аюпов көтерме сауда жасаушылармен тілдесіп, ортақ келісімге келді. “Бағаны негізсіз өсіруге болмайды. Барлығы түркістандықтардың қамы үшін деп біліңіздер” деген қала басшысы еліміздегі төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қолдау білдіруге шақырды.
Нәтижесінде, “Алтын бұлақ” көтерме базарында бір күндік баға төмендегідей болып бекітілді. 1 кг пияздың бағасын – 75 теңге, картоп бағасы – 100-150 теңге, сәбіз 75-90 теңге аралығында. Ал, 1-сұрыпты 50 кг “Пионер” ұны – 7800 теңгеден (25 кг – 3900 теңге), құмшекер – 220 теңге, күнбағыс майы
(Сергиевский 5 литр) – 2000 теңгеден саудаланатын болды.
Жалпы, қоймалардағы азық-түлік тауарлары жеткілікті. Әлеуметтік дүкендер, сауда орталықтары азық-түліктермен қамтамасыз етілетін болады.
Коронавирус дертінің таралуына байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі айтылды.
