Сәрсенбі, 01 Сәуір 2020 05:00

Арыстағы балалар ауылының жеткіншектері маска және антисептикпен қамтамасыз етілді

Түркістан облысы Арыстағы балалар ауылының тәрбиеленушілері медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Игі шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұйымдастырды.

 

  Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы 63 жеткіншекті аталған департамент қызметкерлері өз қамқорлығына алған. Олар көп мәрте қолдануға жарамды 320 дана бетперде мен 50 литр антисептикті балалар үйіне табыстап, барша тәрбиеленушілеріне сақтану шараларын қатаң ұстану қажеттігін түсіндірді.

  Әлемді қауіпті індет жайлаған шақта үрей мен үміттің бел ортасында жүрген жасөспірімдерге қоғам болып қолдау көрсетуді көздеді. Департамент ұжымының бұл игі бастамасы сәуір айында да өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

  COVID-19 пневмониясымен күрес үшін Түркістан қаласындағы қоғамдық орындарда да сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімдігінің ұйымдастырумен тұрғындардың сауалдарына шұғыл жауап беру үшін арнайы Call–орталық жұмыс істейді. Call – орталық 109 нөмірі арқылы тәулік бойы 24/7 форматта қоңыраулар қабылдайды.

   Инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті Түркістан облысы әкімдігінің «ТүркістанCOVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы» парақшасынан да білуге болады.

Оқылды 542 рет