Сәрсенбі, 01 Сәуір 2020 13:13

Түркістан қаласының әкімі жедел штаб отырысын өткізді

Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлы мобильді топ жетекшілерімен жедел штаб отырысын өткізді. Облыста коронавирус індетін бір адам жұқтырғаны белгілі болды.

 Осы мақсатта, Түркістан қаласында індет таралуының алдын алу ісін ширату қажеттілігі айтылды. Әсіресе, балалардың қоғамдық орындарға шықпауы, әр азаматта медициналық бетперделердің болуын мөлтек аудандарға қарасты топтар қатаң қадағалап, полиция жұмысының күшейетін уақыты екенін ескертті. Сондай-ақ, қала әкімі блок-бекеттердегі әр азаматты жіті тексеріп, көзбояушылық танытқандарға шара көрілетінін айтты.

Айта кетейік, Түркістан қаласына  кіріп жатқан көліктердегі әрбір азаматтардың дене қызуы өлшеніп, дәрігерлердің тексеруінен өткізіліп жатыр.

⠀Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеуге алу бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Онда полиция, дәрігерлер, жедел-жәрдем, төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы қызмет етуде.

Блок-посттарда жұмыс жасап жатқан қызметкерлер үшін барлық инфрақұрылым жүйесі, яғни, су, жарық, дәретхана, шатыр (палатка) қарастырылған. Жалпы, індеттің алдын алу шаралары шаһардағы қоғамдық орындарда күшейтілген режимде атқарылуда.

 

Оқылды 585 рет