Сәрсенбі, 01 Сәуір 2020 20:21

Түркістандық шаруа 3 рет өнім алу технологиясы арқылы 45 тонна өнім алмақ

«Нұрлы таң» ауылындағы «Азамат» шаруашылығында көкөністің түр-түрі өсірілуде. Аталмыш шаруашылықтың жетекшісі Нақыпбек Жұмақұлов былтыр 2 гектарға қызылша, 2 гектарға ерте пісетін қауын, 50 сотық жерге сарымсақ, 50 сотық жерге қырыққабат еккен болатын.

 Қырыққабаттан 25 тонна өнім алып, оны еліміздің солтүстігіне жіберді. Қауыннан да мол өнімге қол жеткізді. Осылайша жылды табысты қорытындылаған диқан енді 500 тоннаға дейін көкөніс сақтайтын қойма салуды жоспарлауда. Қойма жаңа типпен салынады.

Нақыпбек қарқынды жұмыстарын биыл да жалғастыруда. Ақпан айының соңында қызылшаның «Бодан» сортын екті. Аталмыш сорттан гектарына 45 тоннаға дейін өнім түседі деп жоспарлануда. Қызылша піскен соң оны 1 мамырға дейін өткізіп, орнына қазан-қараша айында пісетін қырыққабат екпек. Жылына 2-3 рет өнім алу технологиясын жете меңгеруге талпыныс танытып жүрген диқанның еңбегіне көпшілікті сүйсіндіреді.  Диқан негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың пандион, ринда, фарао сорттарын отырғызып, тәжірибе жинақтаған.

Облыс әкімі Ө.Шөкеев егістік алқаптан 2-3 рет өнім алу инновациялық технологиясын әрбір ауылдық округке енгізу бойынша тапсырма берген болатын. Сол тапсырма үдесінен шыға білуді мақсат тұтқан диқан 3 гектарға үлбір астына қауынның ерте пісетін сортын наурыз айының 15-20-сына дейін егуге күш салуда.

 

Оқылды 576 рет