«Эпидемиолог мамандар тарапынан бүгін тіркелген ауру ошақтарында залалсыздандыру, байланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Инфекция табылған Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы мөлтекауданда карантин жарияланды. Жетісай ауданына дезинфекция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласынан арнайы мамандардан құрылған мобильді топ жасақтап, жіберілді», - деді Өмірзақ Естайұлы.
Қосымша көмек ретінде медициналық жабдықтар мен көліктер дайын. Өзге аудандардан инфекционист және реанимотологтардан құралған 6 бригада Жетісайға жолданды. Облыстың Бас инфекционист дәрігері ауданда осы шараларға басшылық етеді. Керекті төсек-орындар, госпитальдар толық дайын. Облыс әкімінің тапсырмасымен, Полиция, Төтенше жағдай департаментімен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, денсаулық сақтау саласымен бірлесе отырып, шұғыл түрде карантин жарияланған елдімекендер шекарасына блок-бекеттер қойылуда. Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылады.
Ауданда инфекция ошағы мен қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Індеттің таралу қаупі жоғары болғандықтан, облыс әкімі тұрғындарды төтенше жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, тиісті тәртіптік шараларды сақтауға, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындауға шақырды.
