Сәрсенбі, 01 Сәуір 2020 21:24

Түркістан облысындағы құс етін өндіретін зауыт тәулігіне 30 тонна өнім шығарады

«Ордабасы құс» фабрикасы тәулігіне 30 тонна күркетауық еті мен шұжық өнімдерін шығарады. Төтенше жағдай кезінде азық-түлік қоры мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бұл өндіріс орны дайын өнімнің негізгі бөлігін ірі қалаларға үзбей жеткізуде.

 Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Түркістан облысындағы құс етін өндіретін фабрика экспорт көлемін 10 пайызға қысқартты. Қазір күрке тауық етінің көпшілігін ішкі нарыққа жіберіп жатыр. Күн сайын Нұр-Сұлтан мен Алматы және Шымкент қалаларына 20 тоннадан астам өнім жіберілуде. Бұл елімізде азық-түлік қорын өз деңгейінде ұстап тұруға ықпал етпек.

Фабрика басшылығы дағдарысқа қарсы жоспар құра отырып, нарықты зерттегендерін айтады. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қазір мектеп оқушыларының бәрі үйде отыр. Сондықтан құс фабрикасы мектеп жасындағы балалар үшін күркетауық етінен терең өңделген шұжық өнімдерін шығаруды да бастады. 

 Қазір фабрикада 400-ден астам адам еңбек етеді. Олар тәулігіне 25-30 тонна 80 түрлі дайын өнім шығарады. Жалпы, бұған дейін құс фабрикасының шығарған өнімдерінің 40 пайызы Ресейге экспортталып келген болатын. Бүгінде Түркістан облысы бойынша бағаны тұрақтандыру жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтік сұранысқа ие азық-түліктің 19 түрі бойынша жеткілікті қор жасақталып отыр. Оны ұдайы толықтырып тұруға қазынадан 1 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінді.



Оқылды 720 рет