Бейсенбі, 02 Сәуір 2020 11:27

Түркістан: Жетісайлық көпбалалы ана АЕК арқасында өз кәсібін дөңгелетіп отыр

  Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана Жанар Мачанова бүгінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек қаржысын тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейтіп отырған жан.

 Осыдан 10 жыл бұрын тігіншілікті кәсіп еткен Жанар өткен жылы 4 перзентіне 460 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізген. Қолға тиген қаржыны тиімді пайдаланып, Шымкент қаласынан әрқайсысы 185 мың теңге тұратын тігін машиналарының 2 данасын сатып алып келді. Бүгінде өз үйінің бір бөлмесін шағын тігін цехына айналдырып, өзінен бөлек қолының ебі бар тағы 1 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған.

   Көпбалалы ананың айтуынша, мемлекет тарапынан тағы да қаржылық қолдау көрсетілсе кәсібін ары қарай кеңейтуге дайын.
   Айта кетейік, Жанар киімдерді өңдеп, қысқартып қана қоймай тапсырыс бойынша қазақы киімдер мен қыз жасауларын да тігеді. Дизайн мен еңбекақы тапсырыс берушінің таңдауына қарай жүргізіледі.Күн санап тіккен киімдері көпшілікке таныла бастаған көпбалалы ана округтегі тігіншілікке қызығушылық танытып, үйренемін деушілерге қосымша оқу курстарын да өткізеді екен.

 

Оқылды 353 рет