Бейсенбі, 02 Сәуір 2020 11:33

Түркістан: Еріктілердің еселі еңбегі ерен

 

  Түркістан қаласының тыныс-тіршілігіне пайдалы іспен елеулі үлес қосып жүрген волонтерлардың еңбегі ерен. Көптің алғысына бөленіп жүрген жалынды жастардың тағылымды іс-әрекеті көпке үлгі екені рас.

 «Небір нәубетті бастан өткерген өр халқымыз бұл індетті де жеңеді! Ол үшін, әрқайсысымыз жауапкершілік танытып, барынша көмек берсек. Ал, көмек деп отырғанымыз – біз бен сіздің тып- тыныш қана үйден шықпай, сақтық шараларын бұлжытпай орындауымыз»,- деп жазды «Asar» еріктілер ұйымының төрағасы Төребай Асқарұлы өзінің Instagram парақшасында.

   Тәжвирусы індеті белең алып, әлемді алаңдатқан аласапыран шақта қоғамға септігін тиігізіп жүрген жандар қол қусырып қарап қалмақ емес. Тарқатып айтқанда, еріктілер шаһардағы блок-бекеттердің біріне барып қалаға келіп жатқан әрбір азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тегін бетперделер таратты.

 Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Asar» еріктілерінің бұл қадамы  #bizbirgemiz  ұранын жани түсті. Жақсылыққа жаны құмар жастарды бір арнаға тоғыстырған белсенділер алқалаған  әлеуметке  көмектесуді азаматтық парызымыз деп есептейді. Сондықтан, алдағы уақытта да қайырымды істі жалғастыратындықтарын жеткізді.

 

Оқылды 429 рет