Мөлдір Жұмаханқызы – Түлкібас ауданының тумасы. Үш баланың анасы, әдепті келін, аяулы жар. Күйеуі үйінің тұңғышы болғандықтан да еншілерін бөлек алып шыққан. Ата-енесінің батасымен өз алдына отау тігіп, бала-шағаның болашағы үшін кішігірім кәсіппен айналысуды жөн көріпті. Осылайша Мөлдір көп кәсіптің арасынан үйрек асырап бағуды таңдаған.
«Өйткені үйрек асыраудың еш қиындығы жоқ. Жұмысы жеңіл. Тауық, күркетауықпен салыстырғанда көп күтімді қажет етпейді. Ең бастысы – суы жеткілікті болуы. Егер суы болса, онда қажет жұмыстың 70%-ы біткені. Үйректер судың құсы ғой. Суға шомылудан шаршамайды», -дейді ол.
Мөлдірдің сөзінше, тек осы бизнеспен айналысып, бір отбасының қажетін толықтай жабуға болады. Үйректің бағасы әр түрлі. Бір балапанның бағасы 200 теңгеден басталады. Ал үлкен үйректі сойып сатса, бір данасының бағасы 5-6 мың теңгеге дейін барады.
Осылайша, Мөлдір үйрек өсіру кәсібі арқасында табысқа кенеліп отыр.
