Бәйдібек ауданына кіреберіс Жамбыл облысымен шекаралас Борылсай ауылдық округіне қарасты Кеңсай ауылында «Кеңсай» бекеті, Боралдай ауылдық округіне қарасты «Қызылсай» бекеті, Бөген ауылдық округіне қарасты «Екпінді» блок-бекеттері қойылып, жол бойынан өтіп-жатқан әрбір көлік жіті бақылауға алынуда.
Бұл бекеттерде полицейлер және медицина мамандары арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде. Аудандық полиция қызметкерлері тарапынан аталған орындарда тәулік бойы еліміздегі короновирустың алдын алу, ауданға таратылуын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде аталған аудандағы блок-бекеттерде 300-ге тарта автокөліктер мен 500-ге жуық жолаушы тексерілген.
Полицейлер сағат сайын бақылау жасап, кезекшілікпен күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәулік бойы демалыссыз бекеттерде тұрған полиция және медицина қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Оған қоса, арасында кейбір тұрғындарымыз блок-бекеттегі қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, уақытты алатын, күткісі келмейтін жағдайларда болып жататын көрінеді. Сондықтан полиция қызметкерлері облысымыздың әрбір тұрғынына төтенше жағдай кезіндегі шаралардың толық іске асуына қолдау білдіріп, қауіпсіздік шараларын сақтауын ескертеді.
