«Түркістан облысында індетке шалдыққан азаматтар саны 11-ге жетті. Осыған орай, барлық бақылау бекеттер жұмысы күшейтілетінін хабарлаймын. Және де, қала ішінде тұрғындардың аса қажеттіліксіз жүруіне тыйым салынды.
Бүгін қаламызға ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасымен әскери қызметкерлер және арнайы техника жұмылдырылды. Жергілікті қызметкерлер тарапынан және осы кісілердің қатысуымен сақтық шаралар орындалуы қатаң қадағаланып, мойынсұнбаған тұрғындар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертемін», -деді қала әкімі өз үндеуінде.
Сондай-ақ, Рашид Абатұлы фейсбук парақшасындағы жазбасында көпшілік орындарда жүру үшін бірнеше ескертпелер ұсынып, төтенше жағдай кезінде талаптарды орындамағандарға салынатын айыппұлдарды көрсеткен.
Төмендегілерден басқа себептермен қала ішінде жүріп-тұруға шектеу енгізіледі:
· Үй маңындағы дүкенде азық-түлік тауарларын, дәріханаларда дәрілік препараттар алу;
· Шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге бару;
· 500 метрден аспайтын радиуста үй жануарларын серуендету;
· Төтенше жағдайлар және адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа қандай да жағдайда;
· Жерлеу қызметі қызметкерлері және көлігі қозғалысы (көлік саны 5 бірліктен , еріп жүретін адам саны 10-нан аспау шартымен);
· Жұмысын онлайн форматта атқару мүмкіндігі жоқ азаматтарға жұмысқа бару.
