Бейсенбі, 02 Сәуір 2020 23:08

Түркістан: Мақтааралда Жетісай ауданымен байланыстыратын 3 жолдың бойына блок-пост қойылды

 

Бүкіл әлемге қауіп төндірген пандемия Мақтаарал ауданымен көршілес Жетісай ауданына да жетіп, бірнеше азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарына үндеу жариялап, сақтық шараларын күшейту керектігін баса айтты.

 Міне, бүгін аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен Жетісай ауданымен байланыстыратын 3 жолдың бойына блог-посттар орнатылып, шектеу шаралары күшейтілді. Бұған дейін Мақтаарал ауданының кіреберісіне блог-пост орнатылып, автобустар мен жеңіл көліктер бақылауға алынған болатын. Постта медицина қызметкерлері жолаушылардың дене қызуын тексерістен өткізіп, шетелден, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан және еліміздің басқа да өңірлерінен келіп жатқан азаматтар тіркеуге алынуда.

   Жалпы ауданымызда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 83 жеке құрам мен 12 арнайы автокөлік қосымша жұмылдырылып, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданымыздағы әрбір елді мекенде кезекшілік қойылып, той мен жиын жасаған адамдарға айыппұл салу шаралары қатаң түрде жүріп жатыр.

Айта кетейік, бүгін Мақтаарал аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде арнайы Қаулы қабылданып, аудан аумағында ерекше шарттар мен шаруашылық және өзге де қызметтерге шектеулер ендірілді. Қаулыда блог-посттар орнату, қатаң түрде маска кию режимін ендіру, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысын тоқтату және жұмыс уақытына шектеу қою, дезинфекция шараларын күшейту сияқты т.б. сақтық шаралары ендіріліп, шарттар мен тәртіпті бұзғандарға қатаң түрде жаза тағайындау мәселелері қаралған.

  Аудан тұрғындары maktaaral.gov.kz ресми сайтына кіріп, қаулымен толық таныса алады. Сонымен қатар, аудан әкімінің ресми сайтында "Stop Covid-2019" атты арнайы терезе ашылып, коронавирусқа қарсы күрес шаралары туралы ақпараттар толық жариялануда.

 

Оқылды 577 рет