Әңгімемізге арқау болып отырған дүние – жетісайлық жомарт жандардың қиын-қыстау кезеңде елдің қауіпсіздігін сақтау мақсатында күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, блок-бекеттерде сақтық шараларын қадағалауда ерен еңбегі бар полиция қызметкерлері мен медицина саласының мамандарына көрсеткен қолдауымен өлшенеді. Ел басына іс түскенде елдігіміз бен ерлігіміздің айғағы іспетті қамқорлық шарасының жарқын үлгісін көрсеткен Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Құрбан ата ауылының азаматтары аудандағы блок-бекеттерде кезекшілікте көз ілмей қырағылық танытып жүрген азаматтарға кешкі ас дайындады. Құрамында әскерилер, полиция және медицина саласы қызметкерлері бар 200-ге тарта азаматқа қазан көтеріп, кешкі асын дайындаған азаматтардың бар тілегі – елдің игілігі мен жарқын болашағы.
«Біз ауыл тұрғындарымен ақылдаса келе өзіміздің тұратын ауылымызға бейтаныс көліктер мен азаматтардың кіріп-шығуына шектеу қоймақпыз. Ол шектеу біздің ауданымыздың, отбасымыздың қауіпсіздігінің кепілі болмақ. Еліміздің елдігі мен ерлігі сынға түсетін сәтте біздің де азаматтық үлесіміздің болғанын қалаймыз», - дейді Құрбан ата ауылының биі Досым Ахметов.
Ауыл биінің айтуынша ауыл тұрғындары бір ауыздан короновирус індетіне қарсы күресте артық жүріс-тұрысты шектеп, төтенше жағдай кезінде бірлесе жұмыс жүргізбек.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.