Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілер арқылы үндеу жариялап, аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмектесуге шақырған болатын. Бей-жай қарай алмаған ел азаматтары арнайы ашылған есеп шотқа шама-шарқынша қаржы аударып, белсенділік танытқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің арқасында 1 млн. теңгеден астам қаржы жиналған. Ол қаржыға аудандағы 100 аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік алынып, таратылуда.
«Біз көмек беріп жатқан аз қамтамасыз етілген отбасылардың тізімін ауыл-ауылды аралап ауыл ақсақалдарымен, қала, кент, округ әкімдерімен келісіп, жағдайларын көзбен көріп барып жасадық. Бірінші кезекте шын мұқтаж отбасыларға үлестіріп жатырмыз. Мұндай шарамыз осымен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғастыруға ниеттіміз»,-дейді «Jas Otan» жастар қанаты Жетісай аудандық филиалының төрағасы Еламан Тұрдымұратов.
Айта кетейік, ауданның ерікті жастары таратқан азық-түлік себеттерінің ішінде ұн, май, картоп пен пияз, макарон мен сәбіз, шай мен шекер, құрма, тәтті тоқаштар бар.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.
