Жұма, 17 Сәуір 2020 20:23

Шымкент: банк қызметін үйде отырып пайдаланасыз

Шымкентте індетпен күрес бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда Сәуірдің басында мемлекет табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге жәрдемақы төлейтіні жөнінде хабар таралды. Осы қаржыдан үмітті қалың көпшілік есепшот нөмірін алу үшін банкке қарай ағылып, бөлімшелер мен банкоматтардың алдында ұзын сонар кезектер пайда бола бастады. Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге бұлайша көп шоғырланбауы өте маңызды.

Әлеуметтік желілерде банк бөлімшелеріндегі кезектер бейнеленген жазбалар тарай бастаған алғашқы сағаттарда-ақ Шымкент қаласының әкімдігі екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып дереу әрекетке көшті. Бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш беруге қажетті есепшот нөмірін анықтау үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Үйде отырып есепшот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді. Айта кетерлігі, қаламыздағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемдерді пост терминалдар арқылы қабылдауды бастады. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына тосқауыл болмақ. Оған қоса көлеңкелі бизнестің жолын кеседі.Банк карточкасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылмақ.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 508 рет