Сейсенбі, 28 Сәуір 2020 10:54

Түркістан облысында түрлі сала мамандары Президент мәлімдемесіне ел болып қолдау білдіруге шақырды

Түркістан облысында түрлі сала мамандары Президент мәлімдемесінің ұтымды тұстарына тоқталып, ел болып қолдау білдіруге шақырды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетімен күрес бойынша кезекті мәлімдемесін жасады. Онда ел аумағында жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталатыны айтылды. Осы қиын жағдайда Қазақстан халқына көрсетілген көмектерді баяндап, пандемияға қарсы күресте қарқынды жұмыс атқарып жатқан барлық мамандарға алғысын жеткізді. Карантин талаптары жеңілдегенмен тұрғындарды аса сақ болуға шақырып, дағдарыспен күресудің кешенді жоспарлары әзірленіп жатқанын баса айтты. Осыған орай, Түркістан облысында әр саланың мамандары Президент мәлімдемесіне ел болып қолдау білдіруге шақырды.

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт. «Қысқартып айтқанда, барлық қиындықтарды жанкешті жауапкершілік, темірдей тәртіп жеңеді. Карантиннен шаршадық деп үстірттікке жол беруге мүлде болмайды. Төзімділік, тәртіп, тазалық керек. 11 мамырға дейін де кейбір кәсіпорындар, халыққа қызмет орындары, тағы басқалары біртіндеп жұмысқа кіріспекші. Әрине, талаптарды қатаң сақтай отырып. Балалар алаңдарын ашу да ойластырылады. Алайда, аулаларды ашамыз деп, ауа жайылуға да болмайды», - деп қиын кезеңде халықтың тұрмысын тұрақты ұстауда бұл шешімдердің маңызы зор екендігін айтты.

«Амангелді» ЖШС бас директоры Нұрлан Құраловтың айтуынша, Мемлекет басшысының мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы саласына назар аударылғаны қуантады.

«Әсіресе, ел экономикасының басты драйвері саналатын – ауыл шаруашылығы саласына аса ден қойғаны көңіл қуантты. Көктемгі егіс науқаны мәселелеріне ешқандай кедергі туындамайтынын айтып, өнімдерді алдын-ала сатып алу үшін бюджеттен 200 миллиард теңге бөлініп, оның 70 миллиардын тұқым өндірісіне бағыттауды тапсырды. Осындай қиын кезеңге қарамастан өз ісін табысты жалғастырып жатқан кәсіп иелеріне бұл таптырмас мүмкіндік болып тұр», - деп Н.Құралов қандай жағдайда да ел экономикасының ілгерілеуіне күш салатындығын жеткізді.

Ордабасы аудандық орталық ауруханасы инфекция бөлімінің меңгерушісі Ақтолқын Ержанова: «Төтенше жағдай жарияланған күннен бері әріптестерім тіпті күні-түні жұмыс істеді. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ел ішінде «Сіз үшін біз жұмыстамыз, біз үшін үйде қалыңыз» деген сөзді жиі насихаттадық. Нәтиже көп күттірмеді. Облыс бойынша жаман індеттен жазылып шыққандар қатары көбейді. Осылайша түсіністік танытып, ауызбіршілік көрсетіп жатқан еліміз бұл ауыртпалықтарды да жеңетініне сенемін. Президент еліне, халқы басшысына сенген жерде ауру тұрмайды», - деп ақ халаттыларға артылған сенім мен қолдау үшін алғысын білдірді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.



 

Оқылды 495 рет