Сәрсенбі, 29 Сәуір 2020 13:15

Түркістан: Азық-түлік сататын көтерме сауда орындары мен дүкендерге карантин режимі кезінде жұмыс істеуге рұқсат берілді

Түркістан облысында карантин режимі жеңілдеуіне байланысты, азық-түлік сататын көтерме сауда орындары мен дүкендер,  дезинфекциялық режимді сақтай отырып жұмыс істесе, дәріхана, қонақүйлер, нотариустар, адвокат кеңселері, күзет қызметі де қызметіне кіріспек.

Сауда саласы бойынша көшеттер, пестицидтер, тыңайтқыштар, бау-бақша өнімдерін сататын дүкендер, жүк көліктері мен ауылшаруашылық және құрылыс техникалары арналған дөңгелектер мен автомобиль бөлшектерін сататын дүкендер мен қоймалар, оптика, автосалондар да өз сатып алушыларын күтеді.

Бұдан бөлек, тұрғындарға саяжайлар мен бау-бақшаларына сағат таңғы 6:00-ден 21:00-ге дейін Рұқсатнама (пропуск) жүйесіне сәйкес баруға рұқсат етіледі. Олар өздерімен бірге саяжай немесе бақша меншігін растайтын құжаттарын алып жүруі қажет.

Барлық іске қосылған өнеркәсіп кәсіпорындарында, құрылыс, жол құрылысы және көлік компанияларында, банктерде, сауда нысандарында күнделікті дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі.

Санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда, заңға сәйкес қатаң шаралар қолданылады немесе сол мезетте кәсіпорын немесе іске қосылған объектілер қызметі шұғыл тоқтатылады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

 

Оқылды 556 рет