Түркістан облысы Төлеби ауданының еріктілері жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин кезінде бірқатар әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік тауарларын таратты. Студенттерден құрылған жомарт жандар мұндай игі іс атқару үшін өз қалталарынан қаржы жинап, оған күнделікті тұтынатын азық-түлік алған. Атап айтқанда, себетте ұн, макарон, күріш, қарақұмық, сұйық май, шекер және басқа да тауарлары бар.
Ерікті жастар алдағы уақытта да сауапты іс жасауға ниетті азаматтардың басын қосып, тағы да мұқтаж азаматтарға көмек қолын созуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, елімізде қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде Төлеби ауданындағы тұрмысы төмен отбасылар назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ауданға қарасты ауылдық округтерден әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар мен отбасы мүшелерінің тізімі жасақталып, оларға кәсіпкерлер тарапынан түрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.
